Өмір дерек



 Фариза Оңғарсынова  1939 жылы Атырау өңіріндегі Манаш ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педогогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркіндала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ мектебінде ұстаздық еткен. 1966-1968 жж. Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкері. 1968-1970 жж. республикалық «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған. 1970-1978 жж. республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы, 1978 ж. желтоқсаннан «Пионер» журналының бас редакторы. Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Әр жылдары 20-дан астам өлең жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, «Біздің Камшат» повесі, аудармалары «Жазушы», «Жалын», «Молодая гвардия» баспаларынан жарық көрді. Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған.

1967 жылы «Бұлбұл» деген атпен тұңғыш жыр кітабы жарық көреді.

«Маңғыстау монологтары» ақынның отыз жасындағы қолтаңбасы. Содан бері «Мазасыз шақ», «Мен сенің жүрегіңдемін», «Шілде», «Сенің махаббатың», «Дауа» сияқты кітаптары адам атты күрделі жаратылысты сан зерттейді. Олар не туралы? Махамбеттің мұңын сезгенде, қайратынан жыр жанығанда өршіл сарынға ерік береді. Міне, Фариза ақынның халқына ұсынған өр мінезді жырлары осы еңбектері арқылы белгілі болды.

Ақының творчествосына тән басты қасиет – шындыққа бас ию. Оның бұл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп тұрады.  1979 жылы жарық көрген «Сенің махаббатың» жинағындағы «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы» атты поэмасы ақын творчествосының шындық шырқауы, негізгі қағидасы. Шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық категориялар Ф. Оңғарсынованың поэмасында нанымды, салмақты көрініс тапқан.1984 жылы «Үйім – менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған.
Республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.

Фариза  өлеңдері оқырмандардың  жан азығына арналған қымбат дүние.

Комментариев нет:

Отправить комментарий